Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Үкіметі «KazakhExport» міндеттемелері бойынша 10 жылға 102 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік кепілдік берді

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы №966 қаулысымен «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамына 10 жыл қолданылу мерзімімен 102 млрд. теңге сомаға экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік беру туралы шешім қабылданды. 27 желтоқсанда ҚР Қаржы министрлігі мен «KazakhExport» ЭСК» АҚ арасында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінде тіркелген № 5ГГД021 Кепілдік шарты жасалды.

Мемлекеттік кепілдік отандық экспорттаушыларға қолдау көрсету және жасалған шарттар шеңберінде компанияның сақтандыру төлемдері бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мақсатында, «KazakhExport» сақтандыру сыйымдылығын ұлғайту үшін қажет.

«Банктер экспорттық мәмілелерді қаржыландыру кезінде және өз өнімдерін шетелге жеткізетін кәсіпорындар сақтандыру өтелімін пайдалана отырып, тәуекелге ұшырамайды. Мұндай міндеттемелер мемлекеттік кепілдікпен жабылады және бұл – жалпы әлемдік тәжірибе. Біздің еліміз де бұл тәжірибеден тыс қалмады. Бұл бізге экспорттаушы кәсіпорындарды қолдау көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті «KazakhExport» басқармасының төрағасы Руслан Искаков.

Анықтамалық: Бірінші Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың қазан айында Үкіметке алдағы үш жылда өңдеу өнеркәсібін және шикізаттық емес экспортты қолдауға 500 млрд. теңге бағыттауды тапсырды. Нәтижесінде шикізаттық емес экспорт көлемі 2022 жылға дейін 1,5 есе өсуі тиіс, ал экспорттаушы кәсіпорындардың саны 300-ден 450-ге дейін ұлғаяды.  

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылымына кіреді) миссиясы басым экономика секторларына шикізаттық емес тауарлар, жұмыстар, қызметтер экспортының өсуін қолдау және қазақстандық кәсіпорындарды қаржылық-сақтандыру және қаржылай емес қолдау тәжірибесін қалыптастыру болып табылады.