Жаңалықтар

Елдің шикізаттық емес экспорты 10 есеге дейін көп болуы мүмкін еді

Қазақстандық экспорттаушы компанияларды әрбір $100 млн субсидиялау елдің экспорт көлемін $1,5-2 млрд. ұлғайтады

2018-2022 жылдарға арналған «Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясы» бағдарламасын әзірлеушілер жүргізген халықаралық тәжірибені талдау көрсеткендей, әлем бойынша орта есеппен алғанда, экспортты ілгерілетумен айналысатын ұйымдар бюджетінің 1% -ға артуы экспорттың 0,078% -ға өсуіне алып келеді. Яғни, бір АҚШ доллары $15 экспорт әкеледі.

Бүгінгі таңда Қазақстанда отандық экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі экспорттаушылардың пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауды ұсынады. Отандық экспортқа бағдарланған компаниялар экспорттық операцияларды қаржыландыру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау тетігін енгізу туралы елдің Кәсіпкерлік кодексіне толықтыруларды күтуде.

Бұл ұсыныс отандық экспорттаушы компаниялар үшін өзекті болып келеді және халықаралық нарықтарға шығу кезінде ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының) экспорттық кредиттеу жөніндегі консенсусының ережелері қолданылады, ол CIRR мөлшерлемесінен (ЭЫДҰ елдеріндегі экспорттық кредиттер бойынша ең төменгі ресми мөлшерлеме) төмен емес қаржыландыруды ұсынуды көздейді. Бірақ CIRR-мен салыстырғанда екінші деңгейдегі қазақстандық банктердің мөлшерлемелері жоғары болып келеді, бұл экспорттық операциялар үшін қаржыландыруды қымбат етеді, ал қазақстандық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді бәсекеге қабілетті емес деңгейге түсіреді.

Қазақстандық экспорттаушы компанияларды әрбір $100 млн субсидиялау отандық шикізаттық емес экспортты $1,5-2 млрд арттыруға көмектеседі деген есептеулермен CSI консалтингтік компаниясының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов бөлісіп отыр. Бұл ретте қаржыландырудың жетіспеушілігі айналым қаражаттарының және өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі сияқты салдарға әкеледі. Сонымен қатар, қаржыландыруға қол жеткізудің қиындығы өндірістік жобаларда мерзімдердің ұзартылатынын және шығындардың ұлғаятынын білдіреді. Нәтижесінде, қазақстандық өндірушілер тиісті түрде қаржыландырылған жағдайда шикізаттық емес экспорт көлемі қазіргіге қарағанда 5-10 есе көп болар еді.

«Бүгінгі таңда отандық экспорттаушы компанияларға түрлі құралдар арқылы, соның ішінде өнімді экспорттау бойынша мәмілелерді қаржыландыру арқылы көмек беріліп отыр. Бірақ, көп жағдайда, қаржыландыру несиелендірудің ішкі мөлшерлемелеріне негізделген, ал олар шетелдегіден әлдеқайда жоғары болғандықтан, оларды сыртқы нарықтарда қалыптасқан деңгейге сәйкестендіру туралы мәселе туындайды. Ұсынылатын құралдың өзі (сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыру арқылы қорғауды қамтамасыз ете отырып, экспорттық операцияларды қаржыландыру кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігі – авт.ескертпесі) отандық экспорттаушылар үшін қажет деп санаймын. Барлық елдер өзінің экспортқа бағдарланған компанияларына ЖІӨ-нің 1% -дан 5% -ға дейінгі көлемінде көмектеседі. Оның ішінде өнімді экспорттау бойынша мәмілені қаржыландыру арқылы»,-деп атап өтті Олжас Құдайбергенов.

Қазақстанда ТМД елдерімен салыстырғанда несиелендірудің ішкі мөлшерлемелері шын мәнінде бірнеше есе жоғары, экспорттаушы компанияның тапсырыс берушісі үшін түпкі мөлшерлемені, мысалы, Ресей және Беларусь компанияларының мөлшерлемелерімен салыстырғанда, бәсекеге қабілетсіз етеді. Яғни, егер олар жылдық 6-7% кредитпен өндірілген тауарды ұсынатын болса, қазақстандық компанияларға тек 11-13% ұсынылады. Отандық экспорттаушылардың көптеген әлеуетті тапсырыс берушілері бұндай шарттардан бас тартады.

Біздің экспорттаушыларға саудалық және экспорт алдындағы қаржыландыру, «KazakhExport» ЭСК» АҚ құралдары арқылы төлемді кейінге қалдыруды сақтандыру қолжетімді. Бұл ретте Ресей мен Беларусь Республикасында «РосЭксимбанк» және «БелЭксимбанк» арқылы саудалық қаржыландыру сияқты құралдар бар, олар тапсырыс берушіні тікелей төмен мөлшерлемемен қаржыландыруды ұсынады. Өкінішке орай, Қазақстанда сыртқы сауда операциялары кезінде төлем жасамау тәуекелінен сақтандыру арқылы қорғауды қамтамасыз ете отырып, экспорттық операцияларды қаржыландыру кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігі жоқ. Бірақ, егер біздің елде бұған қоса субсидиялау енгізілсе, онда отандық экспорттаушылар Ресей мен Беларусь Республикасының бәсекелес өндірушілерінен озатын болады», – дейді AlageumGroup бас директорының орынбасары Нұржан Стваев.

Егер Alageum Group холдингі өндіретін тауарлардың санаты туралы айтатын болсақ, компания Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қытай және Еуропа елдерінің өндірушілерімен бәсекелестікке түседі. Тіпті мұндағы қатаң бәсекелестік кезінде отандық трансформаторлар өндірушісі ағымдағы жылдың 1-ші жартыжылдығында өткен жартыжылдықпен салыстырғанда экспорттың 21% өсуін көрсетіп отыр. Алайда, егер Ресей мен Беларусь Республикасының бәсекелес зауыттары саудалық қаржыландыру бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды алатынын, ал өзбек әріптестер әкелінетін шикізат пен материалдарға кедендік баж салығын төлемейтіндігін ескерсек, отандық өндірушіге өнімді ең төменгі маржамен, не тіпті өзіндік құны бойынша сатуға тура келеді.    

«Яғни Ресей, Беларусь және Өзбекстан елдерінің біздің бәсекелестеріміз үшін мемлекет тарапынан өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік беретін жағдай жасалған. Енді мынадай жағдайды елестетейік: ресейлік және беларусь компанияларында бізбен салыстырғанда мөлшерлемелер төмен болғандықтан біз әу бастан төлемді кейінге қалдырып өнім жеткізе алмаймыз, бұған қоса өзбек зауыты біздегімен салыстырғанда өзіндік құны төмен өнімді ұсынады деген шартпен, біздің компания ТМД, мысалға Ресей нарығына шығады делік. Біз берілмейміз, сапалы әрі құны салыстырмалы түрде жоғары емес өнімді ұсынып, нарықты жеңіп алу әрекетін жалғастырамыз. Бұл ретте біздегі жоғары емес баға тауарды өзіндік құны бойынша жөнелту есебінен болып отыр».

Отандық экспорттаушылар тап болатын үшінші, бірақ ішкі деп саналатын проблема бар: үнемі жүргізілетін салық тексерістері мен экспорттық түсімнен ҚҚС қайтару кезіндегі ауытқулар. Бұл ретте қазіргі бюрократизм компанияны қаражаттың белгілі бір бөлігін қалған ілеспе процестерге жоғалтуға мәжбүрлейді. ҚҚС қайтаруды қарау бойынша рәсімдерді оңайлату экспорттаушылар үшін қалыптасқан проблеманың шешімі болар еді.

Қазіргі проблемаларға қатты ден бермей, Alageum Group холдингі алдағы уақытта өз өнімін экспорттау көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Бүгінгі күні ол үшін компанияның инженерлік-техникалық әлеуеті, үш жоғары технологиялық және жаңғыртылған зауыты бар және «Өнімділік 2020» бағдарламасына қатысады, оның арқасында ол «ҚДБ-лизинг» арқылы жылдық 5% мөлшерлемемен жабдыққа лизингтік қаржыландыруға қол жеткізді. Сонымен қатар, компания студенттік сәттен бастап кәсіби кадрларды даярлайды және инновациялық шешімдер саласында үнемі жұмыс істейтін өзінің R&D - офисі бар.

«Бұрын Ресейлік тапсырыс берушілердің қазақстандық трансформаторлар өндірушісіне деген қарым-қатынасы кеңестік дәуірден қалған ескі-құсқы, құлдыраған және банкротқа ұшыраған мағынада болды. Бірақ біз ТМД елдерінің әлеуетті және қазіргі серіктестер үшін бірнеше экскурсиялық конференциялар өткіздік, оның шеңберінде біздің зауыттардың өндірістік қуаты көрсетілді. 1997 жылдан бастап біз Кентау және Орал трансформатор зауыттарын жаңғырттық. Ағымдағы жылы Шымкентте жаңа аса қуатты Asia Trafo трансформатор зауыты іске қосылды. Тапсырыс беруші компаниялар оларға барған кезде риза болды, себебі ТМД елдерін айтпағанның өзінде, мұндай зауыттар Еуропа елдерінде де жоқ деуге болады», –деп атап өтті Alageum Group холдингі бас директорының орынбасары.

Қазақстандық экспорттаушы компанияларда сыртқы нарықтарда тауарларды ілгерілетуге деген ықыласы зор. Болашақта ТМД нарықтарын бағындыру ғана емес, Еуропа елдерінің нарықтарына шығу мақсаты тұр. Бұл орайда халықаралық тәжірибені міндетті түрде ескеру қажет. Мысалға, шикізат елі болып табылмайтын Оңтүстік Корея бүкіл әлем бойынша тауарларды экспорттайды. Бұл ел Hyundai және Samsung сияқты компанияларды көркейтіп, оларға мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын ұсынды, оның ішінде: төмен жеңілдікті несиелерден бастап, баж салықтарын алып тастау, салық преференцияларын ұсыну. Яғни, мемлекеттік қолдау алған алғашқы кезеңдерде олар қазір Оңтүстік Кореяның ІЖӨ 40% -дан артық көлемін құрайтын корпорациялар деңгейіне дейін өсті. Яғни, олар құйылған инвестицияларды мемлекетке қайтарумен қатар, мемлекеттік бюджетті қалыптастыруға қатысады.

https://kapital.kz/economic/80752/nesyrevoj-eksport-strany-mog-by-byt-do-10-raz-bolshe.html