Баспасөз-релизі

Тәжікстанмен Қазақстанның теміржол машина жасау өнімдерін жеткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді

Душанбе қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Асқар Маминнің Тәжікстан Республикасына сапары шеңберінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Рохи Охани Точикистон» (Тәжікстанның теміржол көлігі) МБК арасында Қазақстанның теміржол машина жасау өнімдерін Тәжікстан Республикасына жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Рохи Охани Точикистон» МБК мұқтаждығы үшін қажет болып отырған Қазақстанның теміржол машина жасау өнімдері 300 жабық жүк вагондарын, 200 жартылай вагондарды, 4 маневрлік және магистральдық локомотивтерді және Р-65 маркасындағы 5200 тонна рельстерді қамтиды.

Қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес Тәжікстан Республикасына Қазақстанның теміржол машина жасау өнімдерін жеткізу «KazakhExport» ЭСК» АҚ қаржы-сақтандыру құралдарын қолдана отырып жүзеге асырылатын болады.

«KazakhExport» құралдарын пайдалану импорттаушыға қазақстандық өнімдерді арзан және ұзағынан қаржыландыру түріндегі төлем мұрсаты шартымен сатып алуға, ал экспорттаушыға тауарды тиеп-жөнелтуге және ақшаны уақтылы алуға мүмкіндік береді. Тиісінше, «KazakhExport» құралдары экспорттаушыға экспорт көлемін ұлғайтуға көмектеседі», - деді «KazakhExport» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Руслан Искаков.

Анықтама:

«KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ миссиясы экономиканың басым секторларындағы шикізаттық емес тауарлар, жұмыстар, қызметтер экспортының өсіміне қолдау көрсету және қазақстандық кәсіпорындарды қаржылық-сақтандыру және қаржылай емес қолдау практикасын қалыптастыру болып табылады.

«Рохи Охани Точикистон» МБК-ның стратегиялық даму жоспарына теміржол желісін одан әрі жаңғырту және кеңейту, Тәжік темір жолының жылжымалы құрамын жаңғырту және жаңарту кіреді.

 

Байланысқа тапсырыс беру