БАҚ KazakhExport жөнiнде

ТАБЫСҚА ЖЕТУДІҢ ТІРНЕКТІ ЖОЛЫ. ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН АСТАМ ТАРИХЫ БАР КОМПАНИЯЛАРДЫҢ КӨШ БАСЫНДАҒЫ ОРНЫН САҚТАП ҚАЛУЫНЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Әр компанияның табысты бизнесінің өз заңы бар. Біреулері үшін табысқа жетудің негізгі көзі – жылдар бойы тынбай еңбек ету болса, екінші бір компаниялар үшін қолайлы жағдайлардың тоғысуы. Бірақ бүгінгі таңда кімде болмасын бәсекелестікте басып озып, биіктерден орын алу мүмкіндігі бар.  Мұны елімізде орын алған қысылтаң заманда нарықтық экономикаға бет бұрған бірнеше компанияның бірі - «Шымкентмай» акционерлік қоғамының табысқа кенелу тарихы дәлелдей алады. 76 жыл бойы тынбай жұмыс істеген компания түбегейлі дағдарыстан бастап халықаралық танымалдылыққа ие болғанға дейін барлық кезеңдерді басынан өткерді.  

Май шығаратын ірі өнеркәсіп кәсіпорны  - май экстракциялау зауыты, қазіргі «Шымкентмай» АҚ 1942 жылғы 7 қарашадан бастап жұмыс істей бастады. Сұрапыл соғыс жылдары мақта майын шығарудан бастаған. Бір жылдан кейін комбинаттың 278 қызметкері «Ұлы Отан соғысындағы (1942 – 1945) қажырлы еңбегі үшін» алқасымен мараптталды. Қиын күндерге қарамастан кәсіпорын өндірістің кірістілігін ұлғайтып, отын шығыстарын азайта отырып,  еңбек өнімділігін де арттыра білді.

«Соғыстан кейін зауыт дамудың жаңа сатысына бет бұрды: яғни өндіріс технологиясы жетілдіріліп, жабдықтар жаңартылды және шығарылатын өнім түрлері де көбейтілді. Форбаспақтау, линтерлік, ыдырату, сабынға арналған құйма ыдыс, бурат және  дайындау цехынының пурифайері секілді цехтар іске қосылды. Сондай-ақ сабын қайнату цехы кеңейтіліп, экстракциялық цех қайта жөндеуден өтті», - деді «Шымкентмай» АҚ президенті Данияр Әдірбеков «Капитал.kz» порталына.  

Оның айтуынша техникалық қайта жабдықтау зауыттың өндірістік қуатын айтарлықтай көтерді.  Сұрапыл соғыстан кейінгі алғашқы бес жылдықта ол 220%-ға өсті. Бір жұмыскерге шаққанда жалпы өнімн шығарылымы 1945 жылмен салыстырғанда 2 есе өсті. Ал тәулігіне 280 тоннаны құраған алғашқы қуаттылығы жыл өткен сайын 1150 тоннаға дейін көтерілді.  Бастапқыда тәулігіне 280 тонна өндірістік қуаты жыл санап 1150 тоннаға дейін өсті.

Кеңес Одағының ыдырауына байланысты қиын-қыстау заман бастау алған шақта зауыттың  өндірістік қуаты құлдырап, кәсіпорын жабылудың сәл-ақ алдында болды. Бірақ басшылықтың нақты іс-әрекетінің, қызметкерлерінің төзімділігі мен адалдықтарының арқасында зауыт сақталып қалды. 1993 жылы Шымкент май комбинаты базасында «Шымкентмай» акционерлік қоғамы құрылды. Қайта құру жылдары көптеген ұйымдар тоқырауға ұшырап, жұмысын тоқтатты. Ал жұмысын жалғастырып, бизнесін өрістетуге тек бірен-сарандарының ғана қолы жеткен еді. 

«1998 жыл біздің компаниямыз үшін бетбұрыс кезеңі болды. Біз өз қаражатымыз есебінен технологиялық бумен автономды қамтамасыз ететін қазандық орнаттық. Кредит алу арқылы күнбағыс дәндерін сатып алдық және алғаш рет қайта өңдеуден өткіздік. Барынша үнемдеу және жабдықты жұмыс істейтін күйінде сақтап қалу жөніндегі сауатты саясат істің жағдайын тұрақтандыруға және өндірісті құлдыраудан сақтап қалуға мүмкіндік берді», - деп түсіндірді Данияр Әдірбеков. 

Соңғы 20 жыл ішінде кәсіпорын өз қуатын толықтай қалпына келтіріп қана қоймай, бұрынғы көрсеткіштерінен де асып түсті. Бүгінгі таңда «Шымкентмай» АҚ – дәндерді сатып алудан,  май сығындысынан бастап дайын өнімдерді орап, дүкендерге жеткізуге дейінгі толық өндірісті қамтитын Қазақстанның май өндіру саласындағы ірі өкілдерінің бірі болып табылады. Компания жыл сайын 30 мың тоннаға жуық күнбағыс майын, 40 мың тоннаға жуық мал азығы өнімдерін және шамамен 9 мың тонна шаруашылық сабынын шығарады.

«2016 жылғы сәуірде біз өсімдік майын үздіксіз тазартатын және иіссіздендіретін жаңа цехты іске қостық.  Компания үшін жоба 1,6 млрд теңгеге шықты, Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) қаржыландырудың үштен бір бөлігін берді. Цехты іске қосу арқылы біз күнбағыс майын тәулігіне 80 тоннадан 300 тоннаға дейін, ал мақта майын 120 тоннадан 200 тоннаға дейін толық қайта өңдеу қуатын ұлғайта алдық. Қазір біздің кәсіпорнымыз май өнімдерінің барлық түрлерін қайта өңдей алады және өңдеу кезінде әрбір майдың пайдалы қасиеттерін жоғалтпай, дәм ерекшеліктерінің де сақталуын қадағалайды», - дейді «Шымкентмай» АҚ қаржы директоры Наталья Харипова.  

Оның айтуынша, өнім түрлері  130 атаумен берілген. Оның ішінде:  «Доня» сауда маркасымен шығарылатын мақта майы, күнбағыс майы, соя майы, рапс майы, мақсыр және қыша майлары, сондай-ақ шрот, соапсток және күнжара да бар. Оған қоса, өндірістік процесс толықтай  қалдықсыз, шрот пен дән қауызы мал шаруашылығына арналған жем-шөп өндірісіне жіберілсе, майдың бір бөлігі өзінің сипаттамасы жағынан жасанды және малдың майы негізінде дайындалатын сабыннан әлдеқайда асып түсетін шаруашылық сабынды өндіруде қолданылады. Барлық майлы шикізат тек қазақстандық  жеткізушілерден сатып алынады. Тиімді географиялық орналасу шикізатты кәсіпорынға жеткізуді жеңілдетеді. Нәтижесінде тасымалдау шығасылары төмендейді, сәйкесінше өнімнің өзіндік құны да арзандайды.  

«Кәсіпорнымызда ыдысқа құйылған майды шығару кезінде 6 тазарту деңгейі, яғни гидрататтау, тазарту, шаю, ағарту, винтерлеу және иіссіздендіру әдістері қолданылады. Бұл майлардың тұтынушылық сапасын, тауарлық түрін жақсартуға және кепілдік берілетін сақтау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Ыдысқа құйылған «Доня» майының сапалы сипаттамасына қойылатын талаптар МЕМЛЕКЕТТІК СТАНДАРТТА белгіленген талаптарға қарағанда қатаң болып келеді. Біздің компаниямыз Оңтүстік Қазақстан облысында сертификатталған интеграцияланған менеджмент жүйесін (ISO) енгізген алғашқы компаниялардың бірі болып табылады. Ал сан алуан медальдар мен сертификаттар өнімдеріміздің сапасын дәлелдей түседі», - деп түсіндіреді Данияр Әдірбеков.  

«Шымкентмай» АҚ-ның  инфрақұрылымы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Мұнда жергілікті желі жүргізілген және сертификатталған, компьютерлік техника жаңартылған, өндірістік процесс ішінара автоматтандырылған. Оған қоса, компанияның иелігінде жекеменшік кірмелі теміржол қатынас жолы мен табиғи газ, дизель отыны, сұйылтылған газ және мазут секілді әртүрлі отынды пайдалануға бағытталған қазандық бар. Бұл компанияға  отынның қандай да бір түрінің бағасы тиімсіз болып өзгерген жағдайда, неғұрлым тиімді түрін  таңдап алуына мүмкіндік береді.  Кәсіпорынның барлық  құрал-жабдығы көлемі 21, 05 га болып келетін бір өнеркәсіптік аумақта орналасқан.

«Шымкентмай» АҚ – бұл мінсіз кредиттік тарихы бар, салықтық берешегі жоқ және бизнес бойынша серіктестерінің алдындағы өз міндеттемелерін орындауға аса мән беретін қаржылық тұрақты компания. Бізді заң бойынша жүйе түзуші және қала құрушы кәсіпорын деп атауға болады. Зауытта 700-ге жуық Шымкент тұрғындары жұмыс істейді. Олар ОҚО мен жалпы республиканың тіршілігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар өнім шығарады», - дейді Наталья Харипова.

Компанияның даму стратегиясы бірнеше қағидаттарға негізделген. Біріншіден өндірілетін өнімді үнемі жетілдіру және тұтынушылардың қанағаттанбаған жаңа қажеттіліктерін іздеу. Екіншіден нарықты географиялық кеңейтуді, сондай-ақ серіктестік қатынастардың дистрибуциясын дамытуды көздеу. Осының барлығы компанияға жоғары сапа деңгейін ұстап тұруға және сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

«Біз үшін тұтынушылардың мүдделері аса маңызды құндылық. Біз экологиялық таза отандық өнімді тұтыну арқылы қазақстандықтардың жаңа өмір сапасын қамтамасыз етуде өз қызметіміздің артықшылықтарын көреміз. Қазіргі уақытта біз бәсекелестерге қарағанда баға, жеңілдіктер мен акциялар бойынша неғұрлым тиімді талаптар ұсыну арқылы барлық бөлшек сауда субъектілерін қамтитын, өнімдерді жеткізу мен үлестірудің тиімді жүйесін қалыптастырудамыз», - деді Данияр Әдірбеков.  

«Шымкентмай» АҚ өндіретін өнімнің шамамен 50-70% экспортқа шығарылады. Тек былтырғы жылы компания 25,6 мың тонна өсімдік майларын, 4,8 мың тонна шаруашылық сабынын және 54,7 мың тонна шротты экспортқа шығарды. Қазақстан өнімдерін басты тұтынушылардың арасында Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және БАӘ елдері бар. Алдағы жылдарда отандық өндіруші Түркия мен Әзербайжан нарығына шығуды көздеп отыр.

«Біз KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамымен 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бірге жұмыс істеп келеміз. Бастапқыда саудалық қаржыландыру секілді құралды пайдаландық, ал 2017 жылдан бастап экспорт алды қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде жұмыс жасаудамыз. Экспорттық келісімшарттарды сақтандыру үшін біз айналымдағы қаражатты толықтыруға қаржы ресурстарын тарттық. KazakhExport ұйымынан екінші деңгейдегі банктер арқылы кредит қорларын алып, экспорттық міндеттемелерді орындау үшін майлы шикізат пен материалдарды сатып алдық. Мұндай қолдаусыз барлығы да әлдеқайда қиын болар еді», - деп есептейді Наталья Харипова.

Еске түсірсек, KazakhExport – бұл Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған экспорттық сақтандыру агенттігі. Негізгі міндеті – қазақстанның шикізат емес экономика секторының экспорттаушыларына қолдау көрсету және сыртқы экономикалық факторларды сақтандырып қорғау. KazakhExport қорында 13 қаржы құралы бар. Олар: қарыздарды және қаржы лизингін, инвестициялар мен аванстық төлемдерді, құжаттамалық аккредитивтер мен банктік кепілдіктерді, халықаралық факторинг пен экспорттаушының  мерзімді валюталар бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру, сондай-ақ экспорт алды және саудалық қаржыландыру.

«Біз экспорттаушылардың контрагенттерімен мәміле жасауға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар оны барлық мүдделі тараптарды қанағаттандыратындай етіп құрылымдауға көмектесеміз. Мысалы, егер импорттаушы төлем мерзімін кейінге қалдырғысы келсе, ал экспорттаушы шынайы себептерге байланысты, мәселен, айналымдағы қаражаттың шектеулі болуына орай оны бермесе, онда біз бұл мәселені екі тәсілмен шеше аламыз, яғни төлемді кейінге қалдыру бойынша тәуекелді өзімізге қабылдаймыз не экспорттаушыны қаржыландырамыз», - деп түсіндіреді KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ-ның сақтандыру департаментінің директоры Қуаныш Мұқажанов.

Оның айтуынша, қазақстандық компаниялар өткізу нарығын кеңейтуге мүдделі. Оған себеп: экспортқа бағдарланған өнім ел ішіндегі сұранысқа аса тәуелді емес және ол компанияның валюталық табысын ұлғайтады. Басқа сөзбен айтқанда, экспортқа шығу отандық өндірушілерге қосымша кірістілік береді,  күш-қуатпен қамтамасыз етеді және экономикалық тұрақсыздық орын алған жағдайда тәуекелдерді жояды.

«Жұмыс істеген жылдары KazakhExport ауыл шаруашылығы, металлургия, машина жасау, тағам және тоқыма өнеркәсібі секілді экономиканың әртүрлі салаларынан оншақты қазақстандық экспорттаушыларға қолдау көрсетті. Бізге кез-келген компания және де сыртқы нарықтарға шығуды енді ғана жоспарлағандар да, жұмыс істеп жүрген экспорттаушылар да өтініш білдіре алады. Ол үшін біздің Алматы қаласындағы өкілдігімізге немесе Астана қаласындағы бас кеңсемізге хабарласса жеткілікті. Егер мәміле жасалу сатысында тұрса және біздің қатысуымыз қажет болса, онда біз экспорттаушының өңіріне барып, шетелдік контрагенттермен келіссөздер жүргізуге дайынбыз»,- деп сөзін түйіндеді Қуаныш Мұқажанов.

Бизнес

31.05.2018

Авторы: Индира Мальтиева

https://kapital.kz/business/69517/ternistyj-put-k-uspehu.html

 

Байланысқа тапсырыс беру